Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы Vlast сайты жазды. Сайттың хабарлауынша, 5 мамырда тергеу сотында прокурор бұрынғы министрдің үйқамақ мерзімін тағы бір айға созуды сұраған. Сәрсенбі күні прокурор Төлеген Жарасбаев күдікті Біртановтың шектеулерге қарамастан хат жолдап, отбасы, адвокатынан басқа адамдармен араласып, “ереже бұзғанын” атап өткен. Айыптау тарабы оған медициналық мекемеден басқа жаққа баруға толық тыйым салуды, телефон арқылы келіссөз жүргізбеуді, хат жолдамауды, отбасы, адвокатынан басқа ешкіммен сөйлеспеуді міндеттеуін сұраған. Үйқамақ мерзімін 14 маусымға дейін созуды өтінген. Сот 6 мамырда жалғасады.