Вакцинаның бірінші дозасын алған 1,5 млн адамның 0,02 пайызына вирус жұққан

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған 1,5 млн адамның шамамен 0,02 пайызына вирус жұққан. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 5 мамыр күнгі брифинг кезінде хабарлады. “Тұтас алғанда вакциналау науқанының белсенді жүріп жатқанына куә болып отырмыз. Азаматтарымыздың екпеге сенімі артты. Вакцина алған 1,5 млн адамның шамамен 0,02 пайызына (шамамен 300 адам) ғана вирус жұққан. Бұл вакцинаның тиімді екенін көрсетеді” деді Алексей Цой. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде алғашқы дозасын 1 млн 487 мың адам (халықтың 7,9 пайызы) алған. 400,7 мың адамға екі дозасы салынған.