Алматы полиция департаменті ер адамның өз балаларын кепілге алғаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді. “Басқа кіреберістегі көрші балаларын кепілге алды. Полиция онымен келіссөз жүргізіп жатыр”, – деп жазды әлеуметтік желі пайдаланушысы. Алматы полиция департаменті оқиға Алмалы ауданындағы үйлердің бірінде болғанын хабарлады.
“Кепілге алғаны туралы ақпарат жалған. (…) “102” пультіне жергілікті тұрғын қоңырау шалып, күйеуі 1984 жылы туған Р. есімді азаматтың қатты мас болып, отбасында жанжал шығарғанын айтты. Соған байланысты әйел кенже баласымен сыртқа шығып, полиция шақыруға мәжбүр болған”, – деді Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Ер адам ұсталып, полицияға жеткізілді. Оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, шара қолданылады. Әйел күйеуіне қатысты ресми арыз жазудан бас тартты. Айта кетері, бұл отбасы арнайы тіркеуде тұр.