Ұлттық ойынымыз ресми санат алатын деңгейге жетті, – дейді Асық ату федерациясының өкілі Марат Исламбеков. Оның айтуынша, бастама ұлттық ойынды жаңғыртуға және қатысушылар санын арттыруға тың серпін береді. Қазір асық ату мектеп бағдарламасына қосылып, бірқатар білім ордасында үйретіліп жүр. Бұған қоса, жыл сайын тұрақты ұйымдастырылатын жарыстар бар. Тіпті әртүрлі деңгейдегі спартакиада мен универсиадаларға қосылған. Ал елордада «Қолжетімді спорт» бағдарламасы аясында саябақтарда асық атудан тегін шеберлік сағаттар ұйымдастырылып жатыр.