Көкшетауда аурухана кызметкерлері Ақмола облысы басшылығына ультиматум қойды

Ультиматум көпсалалы аурухананың бас дәрігері Ерлан Аяғановтың кетуіне байланысты болған. Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлайды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, басшыны лауазымынан бас тартуға мәжбүрлеген. Маманды бұрынғы лауазымына қайта тағайындамаса, дәрігерлер жаппай жұмыстан шығамыз деп отыр. Дәрігерлердің жартысынан көбі арыз жазып үлгерген. Ерлан Аяғанов – жоғары санатты нейрохирург. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Алайда аурухана қызметкерлері дәрігерге тағылған айыптың бәрін негізсіз деп санайды. Арнайы комиссия Аяғановқа қызметінен кетуге ұсыныс жасағаны белгілі болды. Ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы растады. “Ұжымдық өтініштің бәрі белгіленген мерзімде және заңды түрде қаралатын болады. Көкшетау көпсалалы ауруханасының кейбір лауазымды тұлғаларына қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов.