Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов көмір бағасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Бүгін сенаттың жалпы отырысында депутат Ляззат Рысбекова министрден көмірдің бағасы туралы сұрады. “Қазіргі кезде тасымал мен электр қуатының тарифтері өскеннен кейін тұрмыстық мақсаттағы көмірдің бағасы 9 процентке өсті. Ал жанар-жағармай мен көмірдің бағасы өскен соң, барлық тауарлар қымбаттайды. Осы мәселені шешу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?”, – деді сенатор. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде көмірдің бағасын ұстап тұру мақсатында осы саладағы ірі кәсіпорындармен меморандумдар рәсімделді. Онда көмірдің нақты бағасы көрсетілген. “Біз Қаражыра, Богатырь мен Шұбаркөл кен орындарымен нақты бағаны келісіп қойдық. Бір тонна үшін 5 200 теңгеден басталады, ал ең қымбат көмір 5 700 теңге болады”, – деп атап көрсетті Атамқұлов.