Қарағанды тұрғыны белгісіз біреуге 12 миллион теңгесін аударып, алданып қалды, деп хабарлады Polisia.kz. 7 желтоқсанда Қарағанды қаласының Киров аудандық полиция бөліміне 41 жастағы тұрғын арызданған. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде белгісіз бір адам жариялаған “Тегін болжау” деген жарнаманы көзі шалған. Хат алмасу барысында алаяқ жәбірленушінің сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен адастырған. Осылайша арызданушы онлайн аударымдар арқылы белгісіз біреуге шамдар мен ғұрыптық керек-жарақтарды сатып алу үшін жалпы сомасы 12 миллион 266 мың теңге аударған. Бірақ тапсырыс орындалмамаған. Алданып қалғанын түсінген әйел полицияға жүгінді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 10 желтоқсанда “көріпкелді” анықтап, ұстады. Ол 23 жастағы жас жігіт болып шықты. Күдікті қылмысын мойындады. Қылмыстық іс қозғалды.