АҚШ-та қазақстандық әйел өлі табылды. Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. FOX 9 арнасының мәліметінше, 16 ақпанда кешке Сент-Полдың Пейн Фален ауданындағы пиццерия маңында тұрған көліктен оқ жарақаты бар әйел табылған. Ол ауруханаға жеткізілген, бірақ көп ұзамай қайтыс болған. Сыртқы істер министрлігі марқұм Қазақстан азаматы екенін растады. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатқаны айтылды. “Қылмыс жасаған күдікті қамауға алынды. Қазақстан консулы марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста”, – деп толықтырды ведомство өкілдері.