Қаңтардағы қырғын кезінде қарақшылар қарусыз сарбазды көпірден лақтырып жіберген. Мұны бас прокуратура өкілдері айтып отыр. Оқиға Атырау облысында болды дейді. Мұздай қаруланған топ әуелі тас жол мен темір жолдарды жауып тастаған. Сөйтіп, полиция мен Ұлттық ұлан отырған ғимараттарға шабуылдапты. Сондай сәттердің бірінде қолында ешбір қаруы жоқ жас сарбазды көпірден лақтырып жіберген. Абырой болғанда, әлгі жауынгер аман қалды. Бас прокуратура терроризм және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру бабы бойынша 91 істің тергеліп жатқанын айтты. 469 адам қамауға алынған. Оның 128-ін қолхат арқылы уақытша бостандыққа жіберіпті.