Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов сенат отырысында Украинадағы жағдай бойынша сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, Өзбекстан Украинадағы жағдайға алаңдайды және мәселенің бейбіт түрде шешілгенін қалайды. Ол Ташкент екі елмен қарым-қатынасты жалғастыра беретінін айтты. Абдулазиз Камилов сөз арасында Украинадағы қиын жағдайды ескере отырып, Ташкент Киевке тағы гуманитарлық көмек жіберетінін айтты. Бұған дейін Украинаның Ташкенттегі елшісі Микола Дорошенко Киевке 28 тонна гуманитарлық көмек бергені үшін Өзбекстанға алғыс білдірген. Камилов сенат отырысы кезінде Өзбекстан Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдарды атап айтқанда, “Луганск және Донецк халық республикаларын” мойындамайтынын мәлімдеді. “Өзбекстан Украинаның тәуелсіздігін, егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындайды. Луганск және Донецк халық республикаларын мойындамаймыз” деді сыртқы істер министрі.