1 сәуірден бастап қос ел арасында визалық талаптар жойылады. Қазақстан мен Корея үкіметі осындай келісімге қол жеткізді. Енді отандастарымыз Корея Республикасына 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз кіре алады. “Кореяда еңбек етуге, білім алуға немесе Оңтүстік Корея аумағында тұруға ниет болған жағдайда тиісті визаны алу қажет. Шетелдік азаматтардың Корея Республикасына кіруін авторизациялаудың “К-ЕТА” электрондық жүйесі жұмыс істейді”, – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында. Оған сәйкес елге визасыз режим негізінде келетін шетелдіктерге ұшуға дейін кемінде 24 сағат бұрын www.k-eta.go.kr сайты арқылы жоспарланған сапар туралы электрондық хабарлама түрінде өтініш беру және содан кейін Оңтүстік Корея билігінің елге кіруге рұқсатын алу талап етіледі. Мұндай рұқсат болмаған жағдайда әуекомпания бортқа отырғыза алмайды.