Қаржы пирамидаларын жарнамалайтын әртістер, блогерлер мен вайнерлер қылмыстық жауапқа тартылады. Тиісті заң жобасын мәжіліс депутаттары мамыр айында талқылайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Мәжіліс отырысында депутат Юрий Ли 11 сәуірде астанада Mudarabah Capital қаржы пирамидасының салымшыларының бірі өзін-өзі өртеп жібергенін еске салды. “Жұлдыздар мен блогерлердің осындай пирамидаларды жарналамауға қатысуын өте ұят және қылмыс деп санаймыз”, – деді Юрий Ли. Оның үстіне, айтуынша, мәжілістің бір топ депутаты қаржы пирамидаларына жарнама жасаған адамдарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеген. Тиісті процедуралардан кейін, мамыр айында депутаттар заң жобасын қарауға кіріседі. Осы орайда мәжіліс спикері Ерлан Қошанов заң жобасын тез арада қарауды тапсырды.