Мобильді аударымдарды қашан тексере бастайды? Мемлекеттік кірістер департаменті осы мәселелерге толық түсініктеме берді, деп хабарлайды «Хабар 24». Сонымен 2025 жылдан бастап екінші деңгейлі банктер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ сондай табыс тауып отырған жеке тұлғалар туралы ақпарат беретін болады. Мобильді аударымдардың санын анықтау талаптарын дайындап жатыр. Ал әзірге ай сайын 80-100 адамнан ақша аударылған азаматтарды бақылау ұсынылды. Олардың соңғы үш күнтізбелік айдағы мобильді аударымдары тексеріледі. Кіріс департаментінің өкілдері «кейбір кәсіпкерлер қызмет көрсеткенде мобильді аударымдар арқылы төлем қабылдай бастады. Олар чек бермейді, салық есебінде де ақша көрсетелмейді. Көлеңкеде қалады», деп отыр. Енді Салық кодексіндегі түзетулерге сәйкес бұл үрдіс өзгермек. Кәсіпкер мобильді аударымдар арқылы төлем қабылдаса, оны онлайн кассалық аппарат арқылы өткізіп, чек беруі тиіс. Оның үстіне, қолданыстағы заң жеке тұлғаларға өз есепшоттарын бизнес үшін пайдалануға тыйым салады. Бірақ Кәсіпкерлік кодекске енгізілетін өзгерістердің жеке тұлғаларға қатысы жоқ. Сондықтан жеке тұлғалар мобильді аударымдарды бұрынғыдай пайдалана береді.