Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше әкімге сөгіс жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Берік Уәлидің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алған.
“Осыған байланысты мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялады. Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескерту жасады. Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін айтты”, – дейді президенттің баспасөз хатшысы.