Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамиды. Үкімет осы мәселелерді шешуде әкімдікке қолдау көрсетуі тиіс. Алматы облысындағы жұртшылықпен кездескен Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24». Ол өңірді дербес шығару туралы шешімін тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деп бағалады. Алматы облысы – халық саны ең көп аймақтар қатарында. Президент өңірдегі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажеттігін ескертті. Қазір мұнда 400-ге жуық денсаулық сақтау мекемесі бар. Үш жылда тағы 38 нысан бой көтереді. Білім саласы да назарда. Өңірдегі 52 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Мемлекет басшысы мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Бала туу көрсеткіші бойынша көш басындағы өңір үшін мұның маңызы зор.
Сонымен қатар, Қонаевта «академиялық қалашық» құрылады. «Үкімет бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс беруі керек», – деді Президент. Жастарды тарту үшін облыс орталығында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін, сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу қажет. Мемлекет басшысы осы қадамдардың өңірдегі кадр тапшылығын шешуге де зор септігін тигізетініне сенім білдірді.