Жетісу облысындағы жолдарға «Крис П» радары қайта қойылады. Полицейлер өңірде жол апаты көбейіп кеткенін айтады. Көшпелі жылдамдық өлшегіш аспап жолдарға қайта оралатыны туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. Құрылғы халықаралық тас жолдарда көлік жылдамдығын автоматты тіркейді. Өңірде жол апаты жиілегендіктен полиция мұндай жабдықты қайта қолдануды шешті. Биыл жыл басынан бері оқыс оқиға салдарынан 116 адам қаза тауып, 716 адам жараланған. Құрылғыны жолдарға қашан орнататынын полицейлер айтқан жоқ. Жақында ел президенті Жетісу өңірінде апат саны артқанын айтып, бірқатар республикалық трассаны жөндеуді тапсырды. Айта кетейік, ІІМ бұйрығына сай 2019 жылдан бастап елді мекендерде көшпелі радар қолдануға тыйым салынған.