Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы шахтада жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Ал жарақат алған азаматтарға тезірек сауығып кетуін тіледі. Президент олардың отбасына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма берді. “Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты. Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс”, – деді президент.