Әлеуметтік желілерде қалада уақытша қараусыз қалған пәтерлерге ұрылар түсіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Қалалық полиция басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды, – деп хабарлайды StopFake.kz. Басылым мәліметінше, 27 қарашада түнде Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апат салдарынан кейбір үйлер әлі де болса сусыз және жылусыз отыр. Осыған байланысты адамдар үйлерін тастап, туыстарына, таныстарына баруға мәжбүр болған. “Қазіргі кезде Екібастұз полиция басқармасының 250 қызметкері жұмылдырылды. Сондай-ақ, павлодарлық департаменттен 30 қызметкер және алты автомобиль патрулі жіберілді. Олар жылу мен жарықсыз қалған көпқабатты үйлерде пәтерлерді тонауға жол бермеу үшін 5, 5А және 6-шағынаудандарда жұмыс істеп жатыр”, – деді Екібастұз полиция басқармасының басшысы Қайыржан Шакарғалиев.