Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов заңды әзірлеу кезінде жеке тұлғалардың банкроттық институты қалыптасып үлгерген елдердің тәжірибесі сараланғанын айтты. “Рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1600 АЕК-ке дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Берешек ол сомадан аспауы тиіс. Екінші рәсім аясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.Үшінші рәсім төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге қатысты. Онда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы бақарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам “банкрот” деген мәртебесін алмайды”, – дейді Біржанов.