Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы “Amanat” партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров хабарлады. “Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды”, – деп жазды Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ, оның айтуынша, бас прокуратура Болат Назарбаеавқа тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаскелең елді мекені, Түркістан облысының ең тиімді жерлерінде орналасқан 244 гектар болатын 59 жер телімін анықтаған. Бұл жерлер бизнес-орталықтары, коттедж қалашықтарын салуға арналған. “Қазір бас прокуратура осы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – деп уәде берді Сайыров. Айта кетейік, Болат Назарбаев “Барыс-4” көтерме базарынан (“Оптовка”) түбегейлі айырылды. Алматы қалалық соты бұл базардың иесі “Найза-БН” компаниясының жекешелендірілуін заңсыз деп таныған.