Қаржы министрі депутаттарға жыл сайын қанша ақша жұмсалатынын айтты

Үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев парламенттің қос палатасына жыл сайын 6,5 миллиард теңге жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Қазақстанда парламент екі палатадан тұрады. Жоғары палата – сенат, төменгі палата – мәжіліс. “Мәжіліс пен сенат депутаттарына қарастырылған қаражат республикалық бюджеттің баптарында көрсетілген. Бұл – ашық ақпарат. 2023 жылға парламенттің екі палатасын қаржыландыруға 6,5 миллиард теңге бөлінген. Оның ішіне жалақы, іссапарға баратын қаражат, іссапардағы күніне төленетін ақша, ұшақ билетінің құны кіреді”, – деді Жамаубаев. Айта кетері, сенатта 50 депутат, ал мәжілісте 107 депутат бар. Жақында президент төменгі палатаны таратып жіберді. Келесі айда мәжіліс сайлауы өтеді.