Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдан Түркияда болған қайғылы оқиғаның Қазақстанда қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны сұралды. Парламенттік тыңдаулар кезінде сенатор Сергей Ершов осындай сауал қойды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. “Алматыдағы сейсмикалық жағдайға келетін болсақ, біздің жалғыз институт бар. Біз құрылыс нормаларына сәйкес салған нысандарға келетін болсақ, қазір алаңдауға негіз жоқ деп есептеймін. Тиісті шенеуніктер мұнымен айналысады және тиісті құжаттарға қол қою арқылы өз жұмыстарына жауап береді”, – деді Роман Скляр. Сонымен қатар, кулуарларда журналистер өңірдің сейсмикалық қауіптілігіне байланысты атом электр станциясын Алматы облысына орналастыру ауданын қайта қарау туралы сұрады. Роман Скляр атом электр станциясын жобалау мәселесі көп уақытты қажет етеді деп жауап берді. “Алдын ала орналасуы мүмкін жер – Алматы облысы. Егер техникалық-экономикалық негіздеме оны осы аумаққа салу орынсыз екенін көрсетсе, әрине, жобалық-сметалық құжаттама болмайды, басқа орын таңдалады. Қазір бұл мәселе күн тәртібінен түспейді, тек орын таңдау мәселесі талқыланып жатыр. Біз әлі техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді бастаған жоқпыз”, – деді премьер-министрдің орынбасары.