Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева коронавирус инфекциясы табылған науқастарға үй жағдайында қалай ем алу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
“Үйде емделіп жатқан науқастарға вирусқа қарсы, бактерияға қарсы, тромбозға қарсы дәрімен емделудің қажеті жоқ”,- деді маман.
Айтуынша, үйде емделіп жатқан науқастар көп сұйықтық пен С және D дәрумендерін ішуі тиіс.
“Дене қызуы көтерілген жағдайда температураны түсіретін парацетамол және ибупрофен секілді дәрі ішуі қажет”, – деді Қарабаева.
Сонымен қатар маман С дәруменін көп мөлшерде қолдану бүйрек ауруы, несептас ауруының күшеюіне алып келетінін ұмытпау керек екенін айтты.
“Егер бұлшықеттің ауруы, әлсіздік, бас ауруы, жөтел, кеуде тұсы ауырып, дене қызуы 38 градустан жоғары болса, дәрігерге қаралып, пневмонияның асқынуын болдырмау қажет”, – деді маман.
Оны анықтау үшін компьютерлік томография немесе кеуде тұсына рентген жасалады. Коронавирус инфекциясының белгілері жоқ науқастар мен ауру белгісі аз науқастарға вирусқа қарсы дәрілерді қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі оны стационар жағдайында тек дәрігер тағайындайды.
Қарабаеваның айтуынша, науқас әртүрлі бактерияға қарсы дәрілерді қабылдаса, кейіннен антибиотиктерге сезімталдық жоғалып, бактерияға қарсы дәрілер көмектеспейтін болады. Сонымен қатар ол науқастардың ауыр инфекциялық ауруларды емдеуге арналған антибиотиктерді, антикоагулянттарды пайдалануына болмайтынын айтты.