Алматы әкімі Ерболат Досаев барахолка базары бойына көліктердің бейберекет тоқтауына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесуде алматылықтардың бірі мегаполис басшысына жүгінді. Ол ақшаны үнемдеу мақсатында әмбебап базарлардың ақылы тұрағына кірмей, Солтүстік айналма тасжолы бойына тоқтап, көліктерін қоятын жүргізушілерге шара қолдануды сұрады. Бұған жауап ретінде Ерболат Досаев полиция мен цифрландыру қызметкерлеріне ертеңнен бастап шара қолдануды тапсырды. Атап айтқанда, полицейлер белгіленген аумақты таңертең және кешке тексеріп, әкімдік қызметкерлері ол жерге “Сергек” камераларын орнатуы керек. “Ертеңнен бастап патруль қойыңыз, “Сергек” орнатылғаннан кейін патрульді алып тастауға болады”, – деді Алматы әкімі.