3 наурыздан бері Қазақстанда “жеке тұлғалардың банкроттығы” туралы заң күшіне еніп, осы уақыт аралығында 49 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тек 6 мыңы ғана қарастырыла бастаған. Ал қалғаны яғни, 65 пайыздан астамы кері қайтарылған. Бұл жөнінде қаржы министрлігінің өкіліне сүйенген жергілікті БАҚ хабарлады. “Екі ай аралығында 50 мыңға жуық [өтініш] – меніңше, бұл жақсы көрсеткіш және қаржылай ахуалды жақсартудың жаңа мүмкіндігі… 6 мың өтінішті қарастырып жатырмыз және жарты жыл ішінде олар банкрот болып танылады” деді Ержан Біржанов. 32 мың өтініш кері қайтарылған. Оған басты себеп – қарыз көлемі мен өтініш берушінің бірнеше несиесінің болуы. Заң бойынша банкроттыққа өтініш берушінің қарызы 5,5 млн теңгеден аспаған болуы керек. Ол сонымен бірге банкроттыққа өтініш бергендердің кейбірі ипотекалық несиесін жабуды жалғастырғаны анықталғанын айтты.