Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл факті бойынша тексерісті бастады. Бұл туралы “Астана” арнасы хабарлады. Оқиға Алматы қалалық ревматология орталығында болған. Зейнеткер орталыққа емделуге келген. Дәл сол күні ауруханада лифт жұмыс істемей қалған екен. Алайда лифтіде ақау бар деген не белгі, не жазу болмағандықтан, зейнеткер лифт шақырған, содан биіктігі 1, 3 метрлік шахтаға құлаған. Оқиға салдарынан әжейдің жіліншік сүйегі, төрт қабырғасы сынған, миы шайқалған, денесі көгеріп, сырылған. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен алматылықтан кешірім сұрайтынын мәлімдеді. “Қазіргі таңда пациентке Алматы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасында барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша кінәлілерге тиісті шаралар қолданылады”, – деп хабарлады ведомстводан.