Полиция контрабанданы ұйымдастырды деп болжанған нигериялық азаматқа қатысты істі тергеп жатыр. Ол Ақжарқын Тұрлыбайға елдер арасында зат тасымалдау арқылы ақша табуды ұсынған. Оның Нигерияда қамауға алынғанына бір жарым жылдай уақыт өтті. Бірақ күдіктіні Қазақстанға берер емес. “Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунға қатысты қылмыстық іс “Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі көлемде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз алу, сақтау, тасымалдау, сол сияқты өткізу” бабымен тергеліп жатыр”, – деді елдің Бас прокуратурасы. Қадағалаушы орган дипломатиялық арналар арқылы күдіктіні экстрадициялау туралы өтініш Нигерияның құзырлы органдарына жіберілгенін мәлімдеді.