Үкімет індеттен қайтыс болғандар туралы ақпаратты ашық жариялады. Жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.
Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Мұндай жәрдем көршілес елдерде, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ. Миллионнан астам азаматқа азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді.
Елбасы «Нұр-Отан» партиясы Төрағасының бастамасымен 550 мыңнан астам отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен біржолғы қаржылай көмекке ие болды», – деді Мемлекет басшысы.