Батыс Қазақстан облысында бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен кәсіпорындардың бірінің директоры ұсталды. Өңірлік экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 189 “Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену және талан-таражға салу” және 245 “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару” баптары бойынша қылмыс жасады деген күдікпен кәсіпорын басшысын ұстады.
“Ол мемлекеттік сатып алулардың қатысушысы бола отырып, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына бөлінген 143 миллион теңгеден астам (334,1 мың доллар) бюджет қаражатын жымқырған”, – деп хабарлады қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ, тергеу мәліметі бойынша, күдікті 2017-2018 жылдары салық төлеуден жалтарған. Салдарынан қарыз сомасы 1,5 миллиард теңгеден (3,5 миллион доллар) асқан.