Нұр-Сұлтандағы кафеде болған жарылыстан тағы бір адам қайтыс болды. Ол жансақтау бөліміне түскен 24 жастағы елордалық. Одан бөлек, тағы екі адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құтқарушылар жігітті үйінділердің арасынан алып шыққаннан кейін оны ауруханаға жеткізген. «Жағдайы өте ауыр болған науқасқа дәрігерлер ауыр ми жарақаты диагнозын қойды. № 2 көпбейінді қалалық аурухана мамандары мен ұлттық нейрохирургия мамандары жүргізген емдеу шараларына қарамастан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады», – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айгерім Ардаққызы. Естеріңізге сала кетейік, 21 қарашада елорда кафелерінің бірінде болған жарылыстан 30-дан астам адам жарақат алып, олардың 23-і ауруханаға жатқызылған еді.