Қоғамдық кеңестерді қамтамасыз ету үшін қаржы бөлінеді. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов осылай деп мәлімдеді. Бұған дейін кеңестің қызметіне ешқандай қаржы бөлінбейтін. Жаңа өзгертулерге сәйкес, енді минималды қаржы шығыны қарастырылады. Қаржы қоғамдық кеңестің техникалық хатшы қызметіне, тартылған сарапшылар қызметіне жұмсалады. Одан бөлек, көлік шығыны мен кеңселік заттардың шығыны өтеледі. Бұл мақсатқа биыл орталық және мемлекеттік деңгейдегі органдар үшін 65 млн теңге қарастырылады, – деді Болат Тлепов. Оның айтуынша, бір қоғамдық кеңестің бір жылдық шығыны – 1 млн 300 мың теңгеге тең. Аталған жалпы сома 3 жылға есептелген. Облыстық, аудандық деңгейдегі кеңестер үшін 2 млрд-тан астам теңге бөлінеді.