Ақмола облысында ұрланған көліктерді Ресейден Қазақстанға заңсыз әкеліп, тіркеумен шұғылданған үш ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Қаржы мониторинг агенттігі облыстық департаментінің мәліметінше, ұсталғандар заңсыз әрекеттерін 2020 және 2021 жылдар аралығында іске асырып келген. “Аталған тұлғалар алдын ала келісім бойынша іздеудегі көліктерді Ресей Федерациясының аумағында сатып алып, кейіннен оларға жалған құжаттар жасап, соның негізінде шекарадан іс жүзінде өтпей Қазақстан аумағында тіркеген. Құжаттарды және мемлекеттік тіркеу нөмірін алған соң, шекарадан өтіп, сатып отырған”, – делінген хабарламада. Сот үкімімен үш ер адам 8, 7 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.