Бұл туралы ІІМ көліктегі полиция басқармасының басшысы Оңал Бекиев мәлімдеді. “Бейнебақылау камерасындағы жазбаларды қарау барысында Алматы қаласында тұратын 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы анықталды. Ол биыл 5 қаңтарда басқа да тәртіпсіздіктерге қатысушылармен бірге, қару-жарақ дүкенінен қару ұрлап, Алматы әуежайына қарулы шабуыл жасаған. Содан кейін жас жігіт сыбайластарымен Алматы қалалық ІІД ғимаратын таңғы сағат 6-ға дейін қоршауға алған”, – деді генерал-майор Бекиев. Оның айтуынша, бұдан кейін ұсталған азамат қаруды белгісіз біреуге 40 000 теңгеге сатып жіберген. Қазір оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.