Үкімет отырысында мемлекеттік бюджеттің атқарылу барысын баяндаған ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктер 278 миллиард теңгені игермегенін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. “278 миллиард теңге игерілмеген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктері бюджетті дұрыс игермеген”, – деді Жамаубаев. Жергілікті бюджеттің шығыстары 8,1 триллион теңге. Орындалмаған – 520 миллиард теңге. “Бюджет дұрыс игерілмеген өңірлер қатарында Астана, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бар. Игерілмеудің негізгі себептеріне төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды ұсынбау, орындалған жұмыстардың актілерін, шот- фактураларды уақтылы ұсынбау сияқты жайттар болған”, – деп толықтырды Қаржы министрлігінің басшысы.