Қаржы мониторингі агенттігі бизнесмен Қайрат Боранбаевтың мемлекетке кеңсе үй-жайларын, сауда-ойын-сауық кешенін және дене шынықтыру-сауықтыру желісін қайтарғанын хабарлады. “Оның ішінде құны 33,75 млрд теңге болатын нысандар, атап айтқанда Алматы қаласының атақты ауданында орналасқан “Алмалы” сауда ойын орталығының ғимараты, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын “Unity Hall” ЖШС бар. “Алматы Тауэрс” бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады”, – делінген хабарламада. Сонымен қатар мемлекет пайдасына “Fitnation” фитнес-клубтар желісі берілді. Желі нысандары Астана, Алматы және Қостанайда орналасқан. Бұған дейін кәсіпкер табиғи газ импорты кезінде қаражатты ұрлау фактісі бойынша тергеу кезінде 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық залалды өтеген.