Алматы көшелеріне құны 9 миллион тұратын 20 әжетхана қойылады

Алматы көшелеріне құны 9 миллион тұратын 20 әжетхана қойылады деп хабарлайды Хабар 24. Телеарнаның мәліметінше, қаланың туризм басқармасы мемлекеттік сатып алу сайтына дәретхана модулін жасау және монтаждау бойынша конкурс жариялаған. Жобаның жалпы құны – 178,5 миллион теңге. Әжетхананың соншалықты қымбаттығын басқарма өкілдері қаланың туристік келбетімен байланыстырып отыр. Заманауи үлгідегі әжетхананың эскиздік сызбалары қаланың дизайнына сай жасалған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, дәретханаларда қабырғаға орнатылатын жылу электр конвекторы және суды жылытуға арналған қазандық болады. Дәретханалар қаланың орталық көшелеріне қойылмақ. Жылдың соңында қолданысқа берілетін дәретханаларға кіру ақысы 100 теңге болмақ. Ал қала көшелеріне дәретхана қою қала тұрғындарының өтініші бойынша қолға алынған екен.