Алматы әкімдігі тұрғындарды шетелге шықпауға үндеді. Өйткені әлемдегі эпидемиологиялық жағдай ушығып барады. Бірқатар мемлекетте коронавирус жұқтыру дерегі артқан. Айта кетейік, шаһар әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жауапты құрылымдармен бірлесіп, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін елімізге шетелден келген азаматтарды бақылауға алған. Алматы әуежайына халықаралық рейстермен ұшып келген ПТР анықтамасы жоқ жолаушыларды анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 27 қазан мен 3 қараша аралығында шетелден Алматыға 7 682 жолаушысы бар 51 әуе рейсі ұшып келді. ПТР анықтамасы жоқ 258 жолаушы анықталды. Олар карантин мекемелеріне оқшауланды.