Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі растады. Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев, аудан әкімінің орынбасары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығы пара алғаны үшін ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Олар орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін мердігер ұйым директорынан 10 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Серікжан Ерекешев аудан әкімі қызметіне бұрынғы әкім қайтыс болған соң 2020 жылдың тамызында тағайындалған болатын.