Алматы облысындағы Текелі қаласына санитарлық бекет қойылды. Ондағы мамандар шаһар аумағына кіріп-шыққан әрбір көлікті залалсыздандырады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жолаушылар мен жүргізушілердің тіркелген мекен жайын анықтап, дене қызуын өлшеп жатыр. Егер ыстығы көтерілгендер болса, бірден провизорлық орталыққа жібереді. Қазір онда 120-дан аса індет жұқтырған науқас емделіп жатыр.
Сақтық шаралары Текеліде ғана емес, алдағы сенбі мен жексенбіде облыс аумағында да қатаңдатылады. Демалыс күндеріне дейін қала аумағында да жаппай дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі.
– 10 күнге дейін осы жұмыстарды жасаймыз. Қалада барлық көше, аулаларды залалсыздандырып жатырмыз. Қазіргі таңда 17 дезинфектор жұмыс істеп жатыр – дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.