Полицейлер «Мобайл Телеком сервис» компаниясының қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесе отырып телефон арқылы алаяқтық қылмыс жасаған күдіктілерді қолға түсірді. Мыңдаған телефон карталары мен құрылғы сақталған пәтер Әуезов ауданында анықталды. «34 жастағы күдікті SIM-карталарды тіркеп, Ресейдегі хабарлама хабына сатуға дайындаған. Аталған күдіктінің заңсыз әрекеті арнайы мамандардың көмегімен анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді.