Алматыда автобус пен троллейбусте бетперде тақпайтын және тыйым салынған орынға отыратын жолаушыны анықтайтын жоба іске қосылды. Енді қала әкімдігі қоғамдық көлік ішіндегі адамдарды бейнекамера арқылы қадағалап, тәртіпке бағынбаған азаматқа айыппұл салады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, арнайы орталық қоғамдық көліктерде санитарлық талаптың сақталуын онлайн режимде бақылайды. Егер де бетперде кимеген адам анықталса, алдымен жүргізуші оған ескерту жасауы керек. Жолаушы тәртіпке көнбесе, полиция шақыртылып, ережені елемеген айыппұл арқалайды. Алматы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев дәл қазір мұндай “ақылды” камера тек бір автобусқа қойылғанын айтады. Оның сөзінше, бұндай құрылғы ай соңына дейін барлық автобустарға қойылмақ.