Алматыда дизайнер Bisen-нің өліміне кінәлі адамға сот үкімі шықты

Дизайнер Bisen-нің өліміне айыпталушыға үкім шықты. Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сот Дүйсенғалиевті ҚК 99-бабы 1-бөлігі “Кісі өлтіру” бойынша кінәлі деп таныды. “Сот үкімімен С. Дүйсенғалиев 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, Дүйсенғалиев қаза тапқан жігіттің отбасына 10 миллион теңге моральдық залал өтеуге міндетті”, – деп шешті судья.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, оған шағымдануға болады.
Бұған дейін прокурор айыпталушының қамау мерзімін қысқартуды сұраған болатын. Сотталушы С. Дүйсенғалиев марқұмның отбасынан кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Еске салайық, дизайнер өліміне күдікті ретінде Алматыда 1991 жылы туған ер адам ұсталды. Ол марқұм кездескен қыздың ағасы. Күдікті қарындасы мен дизайнердің кездесуіне қарсы болғандықтан оны ұрып-соғып, өлтіргенін мойындады.