Алматыда коронавирустың үндістандық штамы анықталды. Бұл туралы қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін брифинг барысында хабарлады. Дельта штамы, яғни, үндістандық штамм 37 жастағы алматылық келіншектен шыққан. Ол үй шаруасындағы адам екен. «Қазір ол жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр», – деді Жандарбек Бекшин. Науқастың қызы да оқшауланған. Бірақ оның ПТР нәтижесі теріс болып шыққан. Күйеуі іссапарда екен. Ол ақпан айында ауырып жазылыпты. Сонымен қатар бұл азаматшамен тығыз байланыста болған 7 адамда оқшаулауға алынған. «Сондай-ақ келіншектің барған жерлерінің барлығы анықталып, есепке алынды», – деді Бекшин. Қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері тұрғындарды карантин талаптарын сақтап, сақтық шараларын ұмытпауды ескертті.