Алматыдағы зертханалар тәулігіне мың адамнан анализ алады. ПТР тестілеу алты арнайы мамандандырылған зертханада жасалады. Орталықта тәуекел тобына жататын адамдар тестілеуден тегін өте алады, сонымен қатар коронавирустың бар-жоғын анықтау тестін ақылы түрде де тапсыруға болады деп хабарлайды Sputnik.
Қазіргі кезде қаладағы барлық медициналық ұйым қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген және олардың жеткілікті қоры бар. “Олимп” зертханасының жұмысы қайта жанданады. Әкімдік 24 маусымнан “Нұрлы тау” бизнес орталығы жанындағы қоршаулы пункті бар зертхана өз жұмысын бастайтынын мәлімдеді.
“Ал 26 маусымда “Атакент” қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағында тәулігіне 1 мыңға жуық тестілеу жүргізетін жетінші зертхана қызметке кіріседі” делінген әкімдік хабарламасында. Бұл зертханада күніне 5 мыңға дейін тестілеу жүргізуге болады.
Сонымен қатар, 22 маусымнан бастап жедел медициналық көмек аурханасының базасында бұрыннан бар 600 провизорлық төсек-орын жанына тағы да қосымша 300 орын қосылады. Бірқатар медицина мекемесінде қосымша инфекциялы төсек-орын санын арттыру бойынша шаралар атқарылып жатыр.