Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар нотариустар арқылы заңсыз ақша өндірген

Оның сомасы 2 миллиард теңгеге тең. Бас прокуратураның баспасөз қызметі осылай деп хабарлады. Олар жалған келісімдер бойынша салымшылардың ақшасын алған. Бас прокуратура нотариустардың кейінгі үш жылда атқарушылық жазбаларды жазып беру кезінде заңдылықты сақтауына талдау жүргізген. “Атқарушылық жазба институты 2016 жылдан бастап іске қосылды. Жеңілдетілген тәртіпте коммуналдық қызметтер үшін қарыздар, жалақы сияқты, шарттар бойынша және т.б. даусыз талаптар өндіріле бастады. Жазба қарыздарды өндіріп алу рәсімдері едәуір жеңілдеп, соттардың жүктемесі азайды. Алайда рәсімдердің қарапайымдылығына және нотариустардың теріс пайдалануына байланысты ол барлық “сұр сызбалардың” құралына айналды. Жазба қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қолданылған”, – делінген хабарламада. Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында осындай 13 факт анықталған. “Прокурордың талап қоюлары бойынша жазбалардың күші жойылды”, – делінген прокуратура жазбасында.