Астанада мемлекет және үкімет басшыларының қатысуымен ірі халықаралық іс-шаралар өткізуге байланысты елорда полицейлері бүгіннен бастап қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшті, деп хабарлады Polisia.kz.
10 қазан сағат 21.00-ден бастап стационарлық бақылау бекеттерінің базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтілді, бекеттерде тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар қызмет атқарады.
Көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу және жолын кесу мақсатында 1 қазаннан бастап “Учаске” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылады.
Өткізілетін іс-шараларға байланысты қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалыс уақытша ішінара шектеледі.
Астана қаласының полиция департаменті көлік кідірісін болдырмау үшін жол жүру маршруттарын алдын ала жоспарлауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.