Астана қаласының қоғамдық көлік паркінде 1500-ден аса жүргізуші жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24». Тағы 1012 маманға сұраныс бар. Бұл алдымен, қаланың көлік торабы кеңейіп, халық санының артуымен байланысты. Одан кейін, жүргізушілерге қажетті «Д» санатын алу үшін шағын автобус тізгінінде 3 жыл еңбек өтілінің болуы талап етіледі. Талаптың күшейтілуі – қауіпсіздік мақсатындағы қадам, – дейді сала мамандары. Қоғамдық көлік жүргізушісі өзінің ғана емес, ондаған адамның өміріне жауапты. Бас қалада күн сайын 800 автобус қатынайды. Кезең-кезеңмен тағы 400-ге жуығын желіге қосу жоспарда бар.