Атыраудағы мектеп-интернаты дәретханасының жиегіне байланған бала видеосы жарияланды. Оны №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының (психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған мектеп-интернаттың) бұрынғы қызметкері Ұлбике Бисекенова түсірген. Кадрлардан дәлізде жатқан баланы, беті қан, қолдары байланған қызды көруге болады. “Балалар жараланған, бірақ ешкім емдеп жатқан жоқ”, – дейді видео авторы. Ол бұрынғы әріптестерін балаларға бөлінген ақшаны ұрлады деп айыптайды. Оның айтуынша, мемлекет мүгедек балалардың жағдайын жасауға миллиондаған қаржы бөледі. Бірақ балалар тиісті көмекті алмайды. Осындай наразылығын білдірген әйелмен мекеме басшылығы еңбек шартын ұзартпау туралы шешім қабылдаған. Әйел қалалық әкімдікке жүгінген. Ал олар ешқандай шара қолданбай отыр.