Қазақстан қант экспортына тыйым салмақ

Қазақстан қант экспортына тыйым салмақ. Мұндай бұйрықтың жобасын сауда және интеграция министрлігі әзірледі. Құжат 4 сәуірге дейін қоғамның талқылауына ұсынылды. Егер қабылданса қантты шекара асыруға алты айға шектеу енгізіледі. Айта кетейік, бұған дейін Ресей шекерді шекара асыруға тыйым салған еді. Іле-шала бізде қант қымбаттады. Министрліктің мәліметіне қарағанда елдегі қоймаларда үш айға жететін қант қоры бар. Оны молайту үшін Қазақстан қант шикізатын жеткізушілермен жан-жақты келісімді бастады. Себебі тамыздың соңына дейін 250 мың тонна қантты кеден салығынсыз кіргізуге мүмкіндік бар.