Соңғы күндері шекара асқан ресейліктер саны екі есеге артты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеп отыр. Жалпы жыл басынан бері 4 млн 399 мың шетелдік келген, оның 39% – Ресей азаматы, деп хабарлайды «Хабар 24». Дәл қазір солтүстіктегі шекарада кептеліс пайда болды. Мұның әсері отандастарымызға да тиюде. Күн сайын Ресейге баратын 17 мыңға жуық қазақстандықтың елге оралуы шекарадағы ахуалға байланысты үлкен мәселеге айналып отыр. Жалпы Ресей азаматтарының бір бөлігі біздің ел арқылы өзге мемлекетке өтеді. Соңғы күндері 40 мыңнан астам Ресей Федерациясының азаматы Қазақстаннан кетті. Шетелдіктер ел аумағына кірген сәттен бастап олардың барлық құжаттары тіркеліп, келу мақсаты айқындалады. Олардың тұрғылықты мекенжайын учаскелік полицейлер тексеріп отырады.